Жер бетіндегі елдер арасында бір күнде бірдей аталып өтетін мереке жоқ. Бірақ жарты әлемнің халқы бірдей тойлайтын бір ұлық мереке бар. Ол – 9 мамыр, Ұлы Жеңіс күні! Адамзат тарихында өткен қанқұйлы соғыстардың ең алапаты болып есептелген осынау Ұлы Отан соғысы жайын сөз еткенде, оның тарихына, оған қатысқан жауынгерлердің ерліктері мен өмірбаяндарына бір соқпай кете алмаймыз. Дегенмен соңғы кездері сол соғыста хабар-ошарсыз кеткен боздақтардың ғұмырбаяндарын зерттеу, олардың қай майданда қаза тауып, қай жерде жерленгені туралы мәліметтерді табу, осы жұмыспен тыңғылықты айналысу үрдісі жақсы жолға қойылып, бұл бағытта бірталай игі істер атқарылуда.
Біздің елде Ұлы Отан соғысы кезінде хабарсыз кеткен боздақтарды іздеп табумен айналысып, бұл жолда талай жетістіктерге жеткен азамат бар. Оның аты-жөні –
Аманжол Оразбаев. Ол «Арлан» әскери-патриоттық орталық» қоғамдық қорының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, запастағы полковник. Аманжолдың айтуынша, бұл іске ол өз қызығушылығымен кіріскен.
–2008 жылы Мәскеу қаласында Қазақстан елінің өкілі болып жүргенімде, Андрей деген ұлты орыс әріптесім маған: «Өткен жылдың аяғында Ресейдің қорғаныс министрлігі 1941-45 жылдар аралығындағы соғыс кезінде хабарсыз кеткен боздақтардың аты-жөндері тізілген арнайы сайт ашты. Егер сенің де сол соғыста хабарсыз кеткен туыстарың болса, олардың аттарын сол сайттан іздеп көруіңе болады» деді. Содан кейін менің бұл іске деген құмарлығым артты, – дейді ол.
Аманжолдың Хайрулла деген атасының інісі сол соғыста хабарсыз кеткен екен. Андрейдің әлгі сөзінен соң ол Ресей Қорғаныс министрлігінің жаңағы тақырыпқа арналған «ОБД-Мемориал» сайтты ашып отырып, хабарсыз кеткендердің тізімі арасынан «Оразбаев 1942 жыл» деген жазуды тауып алады. Ары қарай ол жерден «Сталинград майданындағы 233 дивизияға қарасты 703 полкінің минометтік взвод командирі кіші лейтенант Оразбаев Хайрулла Балжанұлы 1942 жылдың 28 қарашасы күні ауыр жараланды» деген жазуды оқиды.
Ол жазуда Хайрулла Балжанұлының майданға Семей қалалық әскери комиссариатынан аттанғаны жайында да айқын жазылған екен. Сөйтіп, Аманжол өз атасын оп-оңай тауып алады да, бұл хабарды еліне жеткізеді.
Аманжол содан бастап соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен боздақтарды іздейтін «Солдат. Ру» деген сайтқа тіркеліп, өз бетінше еңбектене бастайды. Мәскеу түбіндегі, Сталинград қорғанысындағы, Курск иініндегі алапат шайқастарда, одан соң Украина мен Белорусияны, Польша мен Чехославакияны азат ету жолында шейіт кеткен жүздеген боздақтардың есімдерін анықтайды. Осындай еңбектердің негізінде, Зейнолла Байжасаров деген ардагердің ұлы Болатпен бірігіп, «Солдат туралы хикая» атты кітап жазады.
Бұдан басқа аты аңызға айналған ұшқыш, 7 әскери орденнің, отызға жуық медальдардың иегері
Борис Князов жайында еткен еңбегі де аса елеуге тұрарлық. Аманжолдың бастамасымен талай адам соғыстың кесірінен жат жерде мәйіттері қалған өз әке-аталарының сүйектерін туған жерлеріне әкеп, қайта жерледі. Оның мұндай ізгілікті ісіне риза болған жүздеген ерікті азаматтар бүгінде оған қосылып, (оның ішінде мен де бармын) осынау сауабы мен мейірімділігі мол жұмысқа белсене араласып жүр.
Әлбетте, сауап іс әрқашан да өз жалғасын табады және ұдайы жақсылықтармен астасып отырады. Аманжол 2016 жылы әскери қызметтен запасқа біржолата шығуға дайындалып жүргенде, ҚР Ұлттық қауіпсіздігі комитетінің генералы-лейтенанты, інім Нұрғали Дәулетбекұлы Білісбековқа әлдеқандай шаруамен кіреді. Бұларды бір кездері Аманжол қатты құрмет тұтқан әрі ұстазы санаған генерал Тоқтархан Нұрахметов таныстырған екен. Араларындағы қызметтік шаруа біткен соң екеуі басқа тақырыптағы әңгімелерге көшіп, Аманжол Нұрғалиға қолындағы «Солдат туралы хикая» атты кітапты көрсетеді. Оның жазылу тарихын әңгімелейді. Нұрғали кітаппен таныса отырып: «Менің атам да – соғыста хабарсыз кеткен майдангер. Мәскеудегі Қорғаныс министрлігіне ол жайында мәлімет сұрастырып, қанша хат жазсақ та, ешқандай хабар ала алмадық» дейді.
Осыдан кейін Аманжол атамыз Әжібеков Білісбекті іздеуге кірісіп, жоғарыда аталған сайттарды ақтара бастайды. Бірақ Аманжол іздеген тізімдерден Әжібеков деген фамилия шықпайды. Есесіне, Шаян ауданының Жүзімдік ауылдық кеңесіне қарасты Ұсин-Тас (Үсіктас) ауылынан майданға аттанып, Тверь облысындағы «Бауырластар зиратына» жерленген Айжанов деген боздақтың фамилиясы шығады. Аманжол мұны Нұрғалиға айтады. Ал Нұрғали, Айжанов деген фамилия Білісбек атаның Ащысай поликомбинатында кадр қызметкерінің қате жазғанынан болатынын айтады. Содан Нұрғали мен Аманжол бірлесіп, бұл ұқсастықтың сырын зерттеуге кіріседі. Ал бүгінде Бәйдібек аудандық әскери комиссариатында жатқан құжаттарда нақ Үсіктас ауылынан соғысқа кеткен Әжібеков Білісбек болып шығады. Айта кетсек, Шаян ауданы (қазіргі Бәйдібек) Үсіктас ауылынан 81 азамат соғысқа кетіп, соның 19-ы ғана аман оралды. Зерттеу барысында «Именной список – 57 безвозвратных потерь начальствующего состава и рядового 362 стрелковой дивизии 1.03 по 1.04 1943г» — Айжанов Билиспек ал «Именной список — 670 человек безвозвратных потерь военнослужащих от 29.07.48г» — Ажибеков Блысбек болып жазылғаны анықталады, ал Ажибеков Мылтықбай атамнын кіші інісі, Айжанова Улдарбек әйелі.
Сонымен, не керек, біраз зерттеулер мен ізденістердің және басқа да деректердің арқасында Айжанов дегеннің нақты Әжібеков Білісбек екені анықталады. Айжанова Ұлдарбек Білісбектің әйелінің аты-жөні. Бір мәліметте 1943 жылдың 2-наурызы күні дұшпанмен болған алапат шайқаста 362-ші атқыштар дивизиясының Блыспек Айжанов пен Герасим Русанов деген екі жауынгерінің қайтыс болғаны көрсетілген.
Білісбек атам жерленген «Бауырластар зираты» Ресейдің Тверь облысына қарасты Оленин ауданындағы Мостовая станциясының маңында. Негізі, біздің нақтылауымыз бойынша, Білісбек атамыз 1896 жылы дүниеге келген. Соғыс басталған 1941 жылы тура 45 жаста болған. Ол кезде қырық беске келгендерді соғысқа алмаған. Бірақ атам майданға аттанып жатқан өз бауырларынан қалғысы келмей әрі Отан үшін от кешуді өзіне парыз санап, әскери комиссариаттан соғысқа сұранады. Бұл кезде оның Ащысайдағы шахтада жұмыс істеп жүрген кезі болатын. Жас жігіттердің барлығы майданға кеткендіктен, шахтаға да қажетті жұмысшылардың саны азаяды. Осының кесірінен онда жұмысшы күші қат бола бастайды. Осыны білген және Білісбектің жасы ұлғайып қалғанын сылтауратқан әскери комиссариат оның өтінішін қабылдамайды. Алайда, атам алған бетінен қайтпай, соғысқа қайта-қайта сұранып, ақыры оның өтініші қабылданып, майданға кетеді.
Сол уақыттағы Шаян (қазіргі Бәйдібек) аудандық әскери комиссариаттың 1942 жылғы соғысқа аттанғандар тізімін тізген мәліметте Білісбек атамның туған жылы 1900 жыл деп көрсетілген. Соғысқа кеткен уақыты – 1942 жылдың маусымның 16-сы. Енді осы жерде маған бір ой келеді: Егер Білісбек атам 1896 жылы туылған болса, 1942 жылы 46 жасқа келеді. Ал ол уақытта 46 жастағы адамды соғысқа алмаған. Ал 40-41 жастағы азаматтар майданға алына берген. Ол кісі осыны біліп, біріншіден, жасын қолдан кішірейткен сияқты, екіншіден, фамилиясын Айжанов деп өзгерткен сыңайлы.
Аманжол атамыздың жатқан жерін тапқан соң, інілерім –
Ерғали, Нұрғали үшеуіміз 2016 жылдың 8 мамырында Ржев қаласына жол тарттық. Атамыз мәңгі қоныс тапқан Мостовая станциясындағы «Бауырластар зиратына» жетіп, ата рухына, сондай-ақ басқа да боздақ жауынгерлерге құран бағыштап, Үсіктас ауылынан әкелген бір уыс топырақты атамыздың зиратына салдық.
Мен «Бауырластар зиратында» орнатылған орасан үлкен тақтада жазылған мыңдаған боздақтардың аттарын көрдім. Олардың арасында қай ұлттың өкілдері жоқ дерсің. Біздің қазақ азаматтарының өзі қаншама. Олардың көбісі хабар-ошарсыз кеткен боздақтардың қатарынан саналып, мұнда жерленгендері елдегі туыстарына беймәлім екені кәміл. Сондықтан олардың аты-жөндерін елге таныстырайын, мұнда елеусіз жатқан боздақтардың туыстары табылар деген ниетпен, жоғарыда аталған Аманжол Оразбаевпен бірлесіп, «Ұлы Дала Батырлары» деген сайт аштық. Жаңа форматта 9 май мерекесін атап өтуді Президент аппаратына ұсындық, қорғаныс министрлігі қолдау көрсетті.
Расында, сол сайтты ашқаннан кейін майдан даласында хабарсыз кеткен әкелерін, аталарын іздеген адамдардар көбейіп, бізге хабарласа бастады. Қазірдің өзінде біз соғыста хабарсыз кеткен 400 адамның кімдер екенін анықтап, олардың қай өңір, қай ауылдан шыққанын білдік, жақындарын таптық. Алайда, біздің елде әлі де, соғыста жоқ боп кеткен туыстарын іздеп жүрген адамдар көп екені хақ. Егер ондай жандар табылып жатса, Шымкент қаласың Азаматтық Альянсы мен байланысуларына болады. Ондай ізгілікті істі атқарудан еш талмаймын және бастаған әрекетімді соңына дейін апарамын.
Ақпарат дереккөзі: Шымкент Келбеті
One Ping
Pingback:Жди меня, и я вернусь... - batyrlar.kz